Ақтаудың 17-ықшамауданындағы «Айрақты» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ыстық және ауыз судың жоқтығына байланысты наразылыққа шықты. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, қала әкімі және коммуналдық қызмет өкілдері барды. Қалалық әкімдіктің, «Адал қызмет Ақтау» ЖШС басқарушы компаниясының және «Каспий жылу, су арнасы» ШЖҚ МКК өкілдері жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia Lada.kz порталына сілтеме жасап.
ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ
Lada.kz редакциясына 16 желтоқсан күні су жоқтығына байланысты наразылыққа шыққан тұрғындардың бейнежазбасы келіп түскен.
Тұрғындардың айтуынша, күн сайын олардың пәтерлерінде ауыз су өшіріледі, ал жылыту маусымы басталғаннан бері бір күн де ыстық су болмаған. Тұрақты шағымдар мен уәделер мәселені шеше алмаған.
Кешкі сағат 23:15-те тұрғындар өз үйлерінің ауласына жиналған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері келді.
ӘКІМДІК ТҮСІНДІРМЕСІ
Ақтау әкімдігінің мәліметінше, тұрғындармен «КЖСА» ШЖҚ МКК бас инженері С.Жалғасбай, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары М.Артыков, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі секторының меңгерушісі Н.Гумаров түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Алайда тұрғындар алған жауаптарына қанағаттанбай, мәселені шешуге назар аударту үшін облыс әкімдігіне баруға мәжбүр болды.
Облыс әкімдігі ғимаратының алдында тұрғындармен Ақтау әкімі Әбілқайыр Байпақов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев және басқа да сала мамандары кездесті. Әкімдіктің айтуынша, кездесу соңында тұрғындар бейбіт түрде тараған.
МӘСЕЛЕ СЕБЕБІ
«Адал қызмет Ақтау» ЖШС-ның мәліметінше, бұл тұрғын үй кешенінде су тапшылығы мәселесі жаздан бері жалғасып келеді. Басты себеп – күнделікті судың ЦУВС-4-тен қалаға берілуінің үзілуі.
"Каспий тұщыландыру зауыты ауыз суды қалаға жеткізуді бастаған кезде мәселе шешіледі", – деп атап өтті компания өкілдері.
«КЖСА» ШЖҚ МКК бас инженері міндетін атқарушы Серік Жалғасбай тұрғындардың шағымына түсініктеме берді:
– 17-ықшамауданға су ЦУВС-4 арқылы беріледі. Бұл құбыр бірнеше ықшамауданды қамтиды. Сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін резервуарларды толтыру үшін қысым төмендейді. Қазір «Каспий» тұщыландыру зауытынан сағатына 500 текше метр, ал «Ақтау» зауытынан сағатына 100-110 текше метр ауыз су жеткізілуде. 18:00-ден бастап қысым біртіндеп артып, 24:00-ге дейін тұрғындарға су беріледі. Алайда демалыс күні суды тұтыну деңгейі жоғары болғандықтан, резервуарлардағы су 3-4 сағат ішінде таусылған. Осы уақыт аралығында тұтыну сағатына 1450 текше метрді құрады. Тұрғындарға жағдай түсіндірілді, – деді С.Жалғасбай.
«КЖСА» ШЖҚ МКК өкілдері «Каспий» тұщыландыру зауыты қалаға тәулігіне 20 000 текше метр ауыз су жеткізуді бастаған кезде, су тапшылығы мәселесі шешілетінін атап өтті.