Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Қазақстанның Қызыл кітабына өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕДІ
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстандағы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлер тiзбесiнде 227 жануар түрі тіркелген, оның ішінде 131 түрі – омыртқалылар және 96-сы омыртқасыздар.
Қазіргі уақытта министрлік Зоология институтының биологиялық негіздемесімен Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийлеріне сәйкес, тізбені жаңарту жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару мен 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
ҚАНДАЙ ЖАНУАРЛАР
Үлкен көз кесіртке, әмiршi инелiк, нүктелі қанқызы, көбелек, кармин сымырлары және қоңыздың бірнеше түрін Қызыл кітаптан шығару ұсынылып отыр.
Ал керісінше, қамыс мысығы, ақбас құмай, Тазқара, Тянь-Шань және Жоңғар кесірткелерін, қысқақанатты Коранус шегірткесін, көк Зикрона қоңызын, Қандыағаш қандаласын және сарышаянның бірқатар түрін Қызыл кітапқа енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, елімізде биоәртүрлілікті сақтап қалу шараларының нәтижесінде, 2005-2023 жылдары сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы көбейген.
Бұған дейін Балқашқа Ресейден төрт жолбарыс әкелінетінін хабарлаған болатынбыз.