Риддер жылу электр орталығында жарылыс болып, салдарынан станцияның алты қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев хабарлады.
Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты.
Оқыстан болған жағдайға қарамастан, станция күнделікті қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр.
Ақпаратқа сүйенсек, төтенше жағдай 21 желтоқсан таңғы 4:39 болған. Қызметкерлер жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда газ-ауа қоспасы жарылған. Жөндеу жұмыстары көмір жағу аумағында жүргізілген.
«Жарылыс кезінде алты адам зардап шекті, барлығы ауруханада, жағдайлары тұрақты», – деді ШҚО әкімі.
Әкімдік мәліметінше, ол «Риддер ЖЭО» кәсіпорнының басшысымен бірге электр станциясын бір аралап, жұмыс барысымен танысқан. Қазір станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Үйлердегі температура қалыпты деңгейде.
«Қазіргі таңда станса қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жабдықтарда ақау байқалмайды. Сондықтан Риддер тұрғындарының үйлеріне жылу беру тоқтатылмайды. Қазір жылу электр орталығындағы мамандар мұндай оқиғалардың алдын алу үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде», – деді әкім.
Еске сала кетсек, Риддер ЖЭО-сы жылу беру маусымында жүйелі түрде істен шығып, көптен бері ел назарында тұр. Станция бірнеше рет жеке басқаруға беріліп, мемлекеттік бақылауға қайтарылды. Оны жөндеуге бірнеше миллиард теңге бөлінгенімен, проблемалар толық жойылған жоқ.
Бұған дейін жылу электр станцияларындағы апат салдарынан 45 мың тұрғыны бірнеше рет жылусыз қалған болатын.