Германияның Магдебург қаласында болған лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқандар саны беске, жарақат алғандар 86 адамға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін хабарлағанымыздай кеше түнде Германияның Магдебург қаласында Сауд Арабиясының азаматы басқарған көлік рождестволық жәрмеңкеге жиналған халықты жоғары жылдамдықпен басып өтіп, салдарынан екі адам қаза тауып, 70-тен астам адам жарақат алған деген ақпарат тарады.
Кейін белгілі болғандай, Der Spiegel басылымының хабарлауынша, қаза тапқандар саны қазірдің өзінде бес адамға жетті, тағы 86 адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Террорист Германияда тұрақты тұрғылықты жері бар 50 жастағы Сауд Арабиясының дәрігері болып шықты. Қылмыс жасаған кезде ол есірткілік масаң күйде болған.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге Қазақстан халқының және өзінің атынан көңіл айтты.