×
523.86
544.34
5.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.86
544.34
5.11

«Мұғалім ауыр жарақат алғаны алаңдатты» – Аймағамбетов

Бүгін, 18:23
«Мұғалім ауыр жарақат алғаны алаңдатты» – Аймағамбетов
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Семей қаласында жаңажылдық шыршаны орнату кезінде бір мұғалім ауыр жарақат алғанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат “Телеграм”-да жазба қалдырып, аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

“Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғаліміміздің ауыр жарақат алғаны алаңдатты. Мұндай жағдайды жай ғана “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайды”, деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей, мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатынын еске салды.

“Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу. Осы оқиға бойынша нақты шаралар қажет”, деген депутат өз ұсыныстарын жазды.

  1.  Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
  2.  Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
  3.  Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауы тиіс.

Депутат әрі еліміздің бұрынғы бас педагогы А.Аймағамбетов жарақат алған әріптесіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, бұл жағдайды министрліктің бақылауға алғаны үміт беретінін атап өтті.

Еске сала кетсек, бүгін Семей қаласында жаңажылдық шыршаны безендіру ісіне бірнеше мұғалім жұмылдырылып, оның біреуі биіктен құлап зардап шеккенін хабарлағанбыз. Осы оқиға бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев шұғыл мәлімдеме жасады.