×
503.15
543.3
5.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.15
543.3
5.93

Ақтау маңына ұшақ құлады: апаттың ықтималды себебі мен құрбандар туралы ақпарат шықты

25.12.2024, 12:44
Ақтау маңына ұшақ құлады: апаттың ықтималды себебі мен құрбандар туралы ақпарат шықты
Коллаж Ulysmedia.kz

Көлік министрлігі Ақтау маңына құлаған ұшақ бортындағы адамдар туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Министрлік мәліметінше, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Әлеуметтік желіде бортта болғандар туралы түрлі ақпарат тарап жатыр. Бірі апаттан ұшақтағылар түгелдей қаза тапты десе, бір ақпаратта бортта тіпті 105 адам болғаны әзірге 12 адам тірі қалғаны айтылады.

Қолда бар ақпарат бойынша ұшақ апатына оның құсқа соғылып, рульді басқаруда туған қиындық себеп болған.

Ұшақ қону үшін Ақтау қаласындағы әуежайдан рұқсат сұраған. Бірақ әуежайға жетпеген.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, оқиға орнына 14 жедел жәрдем бригадасы жіберілген.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Журналистер апаттан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатқанын мәжіліс кулуарында министрден сұрады.

– Әзірге ештеңе белгісіз. Жедел жәрдем қызметінің 14 бригадасы оқиға орнына шығып кетті. Ол жерге мамандар ұшып кетті. Бір вице-министр осында жағдайды бақылауға ұстап отыр. Қазір санитарлық авиация борттары даяр тұр. Сол жаққа травматологтар мен нейрохирургтарды жібереді. Сол жерде көмектесеміз, –деді ол.

ҰШАҚ АПАТЫ ЖАЙЛЫ

Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында ұшақ құлаған еді. Оқиға орнынан видео желілерде тараған. Кадрларда ұшақ күрт биіктігін жоғалтып, құлап бара жатқаны көрінеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер жеткен. Оқыс оқиға Сайын Шапағатов ауылында болғанын хабарланды. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ұшақ Баку қаласынан Грозныйға бағыт алғанын мәлім етті.

"Ақтау маңында Баку – Грозный бағытындағы рейстік ұшақ апатқа ұшырады. Бұл Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Арнайы тергеу жүргізіледі", – делінген хабарламада.

Желтоқсанның аяғы қазақстандықтар үшін ірі ұшақ апатын еске салады да тұрады. Биыл Алматыдағы Bek air Fokker 100 ұшағының құлағанына 5 жыл болады. Астанаға бет алған Z92100/BEK2100 нөмірлі ішкі рейс әуе көлігі көтерілмей жатып оң жаққа күрт қисайып, артқы жағы бірнеше рет жерге тиіп, бетон қоршауды бұзған күйі әлі салынып бітпеген екі қабатты үйге соғылған.

Қайғылы жағдайдан 1996 шығарылған ұшақтағы 98 адамның 12-сі қаза тапқан.