Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 25 адам аман қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
“Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды. Зардап шеккендер бойынша ақпарат нақтылануда. Алдын ала аман қалған 25 адам бар, оның ішінде 22 адам ауруханаға жеткізілді. Барлығы ТЖД, МӨСҚ, ПД-ның 150 жеке құрамы, 45 бірлік техникасы жұмылдырылды. Жолаушылардың тізімі нақтылануда” делінген хабарламада.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сай, оқиға орнына 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 ЦМК (апаттық медицина орталығы) бригадасы жіберілген.
“Облыстық көпбейінді ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық профильдегі төсек-орын мен 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды. Облыстық балалар ауруханасы 20 төсек-орын мен 10 реанимациялық төсек-орын дайындады. Қазіргі уақытта МОБ-қа 14 жарақат алған адам жеткізілді, қабылдау бөлімінде сұрыптау жүргізілуде. 14 адамнан 5-і ауыр жағдайдағы науқастар реанимацияға жатқызылды. ОДБ-ға 11 жастағы бала түсті, қабылдау бөлімінде тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ тағы 16 жастағы бір бала жеткізіліп жатыр” делінегн соңғы хабарламада.
Baza телеграм арнасы бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған адамдардың толық тізімін жариялаған.
Жарияланған ақпаратқа қарағанда бортта қазақстандықтар да болған. Ұшақтағы жолаушылардың денін Әзербайжан азаматтары, одан кейін Ресей, Тәжікстан, Қырғыстан азаматтары құрайтыны айтылады.
Ал Қазақстанның көлік министрлігі бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болғанын мәлім етті.
ҰШАҚ АПАТЫ ЖАЙЛЫ
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында ұшақ құлаған еді. Оқиға орнынан видео желілерде тараған. Кадрларда ұшақ күрт биіктігін жоғалтып, құлап бара жатқаны көрінеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер жеткен. Оқыс оқиға Сайын Шапағатов ауылында болғанын хабарланды. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ұшақ Баку қаласынан Грозныйға бағыт алғанын мәлім етті.
Қолда бар ақпарат бойынша ұшақ апатына оның құсқа соғылып, рульді басқаруда туған қиындық себеп болған.
Желтоқсанның аяғы қазақстандықтар үшін ірі ұшақ апатын еске салады да тұрады. Биыл Алматыдағы Bek air Fokker 100 ұшағының құлағанына 5 жыл болады. Астанаға бет алған Z92100/BEK2100 нөмірлі ішкі рейс әуе көлігі көтерілмей жатып оң жаққа күрт қисайып, артқы жағы бірнеше рет жерге тиіп, бетон қоршауды бұзған күйі әлі салынып бітпеген екі қабатты үйге соғылған.
Қайғылы жағдайдан 1996 шығарылған ұшақтағы 98 адамның 12-сі қаза тапқан.