Әлеуметтік желіде Ақтауда ұшақ құлар алдында салонда түсірілген видео тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Видеоны 112 тelegram-арнасы таратты. Оны түсірген жолаушының бірі видеоны құлар алдында әйеліне жіберіп үлгерген. Видеода ер адам Құдайға жалбарынып, салонның ішіндегі жағдайды көрсеткен. Салондағы адамдар үрейленіп, әрең отырғаны байқалады. Ер адам ұшақ құлағаннан кейін де видео түсіріп үлгерген. Дене жарақатынан ыңыранып, тұра алмай жатқан әйелге “тұра аласыз ба?” деп сұрақ қойған. Әйел “көмектесіңізші” деп көмек сұрайды. Апаттан кейін салонның іші қирап, адамдар бір-бірлеп шығуға тырысып жатқаны көрінеді.
АПАТ ЖАЙЛЫ
Бүгін Ақтауда Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ құстармен соқтығысқан деген нұсқа бар. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы ұшақтың бортында баллон жарылғанын хабарлады. ТЖМ хабарлауынша, 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылған. Олардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтыланып жатыр. Ақтау қаласына Әзербайжан төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаледдин Фаттах оглы Гейдаров жетті. ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ұйымдардың өкілдері кірді. Осы сағатта барлығы жеке құрамнан 432 адам және 79 бірлік техника бар.