АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио алдағы бірнеше аптада Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді қайта бастауға арналған жол картасы әзірленуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол Трамптың арнайы өкілдерінің Мәскеу мен Киевке жасаған кейінгі сапарларын «мазмұнды» деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер 5-6 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізді.
Рубио келіссөздердің қорытындысы туралы NTD телеарнасының эфирінде айтты.
— Оларды жақсы немесе жаман, нәтижелі немесе нәтижесіз деп атағым келмейді. Тек олардың мазмұнды болғанын айта аламын. Нақты ұсыныстар айтылды. Алғаш рет тараптар арасында белгілі бір ортақ дайындық байқалды, — деді ол.
Рубио қақтығыстың әлі де күрделі екенін және екі тараптың да нақты «қызыл сызықтары» бар екенін мойындады. Дегенмен ол жағдайға оптимистік көзқараспен қарайтынын жеткізді.
— Шектен тыс оптимист болғым келмейді, бірақ пессимизм де танытып отырған жоқпын. Меніңше, алдағы бірнеше аптада келіссөздерді қайта бастауға және екі тарапқа да қолайлы келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін жол картасын әзірлеуге жағдай тууы мүмкін. Қақтығысты тоқтату үшін дәл осы қажет, — деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Киевтің реакциясы
Украина Сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий Киевтің «жаңа идеялар мен белгілі бір тәсілдерден хабардар» екенін растады. Алайда ол олардың мазмұнын ашып айтудан бас тартты.
Оның айтуынша, енді үшжақты форматқа көшу және қандай идеяларды одан әрі пысықтауға болатынын қарастыру қажет.
Тихий сондай-ақ Ресей мен Украина аспанындағы жағдайдың өзгеруіне байланысты АҚШ-тың қақтығысқа қатысты ұстанымын жаңартқанын атап өтті.