Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімдігінің өкімімен ұшақ апатына байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
“Оқиға салдарын жоюға 492 адам, 97 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 4 кинологиялық есеп жұмылдырылды. Жұмыстарға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің, Апаттар медицинасы орталығының, жедел медициналық көмек бригадасының және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды”, делінген министрлік ақпаратында.
Сондай-ақ оқиға орнында ТЖМ кинологиялық қызметі іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстан, Ресей және Әзербайжан ТЖМ бейнеконференцбайланыс режимінде үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, ақпарат алмасып отыр.
Еске сала кетсек, бүгін 25 желтоқсан күні Баку – Грозный рейсін орындаған әзербайжандық Embraer 190 ұшағы Ақтау әуежайына жақын маңда апатқа ұшырады.
Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзербайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы.
Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзербайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасының ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев және Қазақстан Республикасының ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері ТЖ орнына келді. Сонымен қатар Әзербайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаладдин Фаттах оглы Гейдаров ТЖ орнында.