Ақтау әуежайы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адамның алтауы ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың қатысуымен Ақтауда өтіп жатқан брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді.
“Олардың барлығы жансақтау бөлімінде жатыр. Әзірбайжанның үш азаматы, Қырғызстанның тағы үш азаматы. Төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқастың жағдайы өте ауыр және тұрақсыз”, деді Тимур Мұратов брифингте.
Зардап шеккен Ресейдің 9 азаматы Мәскеуге, тағы 14 адам – Әзірбайжан азаматтары Бакуге ұшақпен жөнелтілді.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.