"Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың адвокаты Анар Құсайнова Жоғарғы сот төрағасына арызданып, видео үндеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үндеуде адвокат қорғауындағы Садырбайдың сот процесіне қатысты бүгін болған түсініксіз жайттарды атап өтеді. Айтуынша, кеше, 24 желтоқсан күні түнгі сағат 23.00-де өзінің серіктесіне, яғни күдікті Алмасбек Садырбайдың екінші қорғаушысына Алматы облысы Қонаев қаласының тергеу соты хатшысынан хабарлама келген екен.
“Хабарламада бүгін, яғни 25 желтоқсан күні 12.00-де Алмасбек Садырбайды қамауға алу санкциясын 3 айға ұзарту туралы сот отырысы өтетіні айтылған. Осыдан кейін сот хатшысы біздің бірде-бір қоңырауымызға жауап бермеді. Әрине, түнгі уақыт екенін түсінеміз. Бірақ бізге де түннің бір уағында хабарлама жіберіп отыр ғой. Біз мұны уақытынан кеш жолданған хабарландыру деп есептейміз”, дейді адвокат.
Дегенмен олар түнделетіп әуе рейсіне әрең дегенде бір билет тауып, таң азанмен Алматыға жеткен. Сөйтіп, бүгін Алмасбек Садырбайдың қатысуынсыз қамауға алу санкциясын ұзарту туралы сот отырысына қатысқан.
“Мен сот кабинеті құралы арқылы сотқа дейінгі дергеу органының қорғауымыздағы азаматты қамауда ұстау санкциясының уақытын 3 айға созу туралы талап-арызын қанағаттандырмау туралы ұсынымымды 2 ай бұрын жібергенмін. Сот хатшысы сол күйі маған жауап бермеді, қоңырауымды кешегі түннен бері қазір де көтермейді. Дегенмен әріптесім мені процеске онлайн қатысуға қоспайтыны туралы хабарлады”, деді ол.
Өйткені техникалық мүмкіндіктері жоқ болып шыққан. Тіпті Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында отырған қорғаумындағы Садырбайды да қоса алмаған.
“Ал мен бүгін таңертең тергеу изоляторына хабарласқанымда, олар тергеуде отырған азаматты оның бостандық мәселесі, оны қамауда ұстау мерзімін тағы да созу туралы іс қаралатын сот процесіне онлайн қосылуға дайын екенін жеткізді. Бірақ бүгін әріптесімнің айтуынша, соттың бұған мүмкіндігі жоқ екен. Бізге мұндайды бұған дейін де айтқан”, деген адвокат сот әкімшісінің жұмысын сынға алды.
Алматы облыстық сот әкімшісінің немен айналысып жүргені түсініксіз, дейді адвокат.
“Бұл мәселе қашан шешіледі? Қонаев қаласындағы тергеу сотында техникалық мәселелер неге шешімін таппай жатыр. Олар ҚР ҚПК талаптарын қашан орындауды қолға алады?”, деген Құсацнова бұл істе ҚПК нормалары өрескел бұзылып отрғанын жеткізді.
Алматы облысы прокуратурасының санкциялық материалы адвокатқа 25 қаңтар күні ғана жеткізілген. Ал ҚПК бойынша соттың талап-арызды қарауға үш күн уақыты бар.
“25 желтоқсан күні 12.00-ге тағайындалған сот отырысын офисі Астана қаласында орналасқан Шығыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшелеріне 24 желтоқсан күні түнгі 23.00-де хабарлау және Қонаев қаласында әуежайдың болмауын ескерсек, бұны біздің күдікті Алмасбек Садырбайды қорғау құқығымыздың өрескел бұзылуы деп есептейміз, дейді адвокат Құсайнова.
ҚР Қылмыстық процестік кодексінің нормалары бұзылып отырғанын ескерткен қорғаушы Жоғарғы соты төрағасынан осы мәселе бойынша шара қолдануын сұрап отыр.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Еске сала кетейік, 6 қарашада Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың "аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін" хабарлаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында “жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды” деген күдікке ілінген. Ресми орган “1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланғаны” жөнінде ақпарат таратқан. Алмасбек Садырбайдың өзі ұсталған. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.
“ПРЕЗИДЕНТТЕН АРАША СҰРАЙМЫН”
Қаржы мониторингі ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұраған.
– Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр, – деген ол үндеуінде.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбаев Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келеді.