Жұмыс істейтін қазақстандықтардың 36,4%-ы бейресми істейді. Сәйкесінше, әлеуметтік кепілдіктерге, еңбек құқықтарының қорғалуына және болашақ зейнетақы қамтамасыздығына қол жеткізе алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Бұл туралы Adam Research аналитиктері жүргізген «Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығы мен жұмыспен қамтудың ерекшеліктері» зерттеуінің нәтижесінде белгілі болды, деп жазады energyprom.kz порталы.
Әлеуметтік сауалнама қорытындылары бойынша, табыс табатын респонденттердің 36,4%-ы бейресми жұмыспен қамтылғанын айтқан. Бұл көрсеткіш ер адамдар арасында жоғарырақ (37,6%), ал әйелдер арасында сәл төмендеу (34,9%).
АЙМАҚТЫҚ БӨЛІНІС
Зерттеу нәтижесінде бейресми жұмыспен қамту деңгейі жоғары аймақтар анықталды. Бұл әсіресе елдің оңтүстік бөлігіндегі аймақтарға — Түркістан мен Алматы облыстарына, сондай-ақ Шымкент қаласына тән. Бұл өңірлерде көлеңкелі экономикада жұмыс істейтіндер саны жалпы халықтың 30%-нан асып түседі. Ал ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан (14,8%), Ұлытау (19%) және Ақтөбе (20,4%) облыстарында тіркелген.
БЕЙРЕСМИ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ПОРТРЕТІ
Бейресми жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері көлеңкелі экономикада жұмыс істейтін адамның бейнесін жасауға мүмкіндік берді. Ол қалада немесе ауылда тұруы мүмкін, орта арнаулы немесе тек мектептік білімі бар, өзі оқыған мамандық бойынша емес, басқа салада жұмыс істейді. Бейресми жұмыспен қамтылғандардың жеке табысы көбіне төмен: 100 мың теңгеге дейін. Дегенмен, бұл көрсеткіш әртүрлі: төмен жалақы көбіне «сұр» жалдамалы жұмысшылар мен уақытша табыс табатындар арасында байқалады. Ал көлеңкелі кәсіпкерлердің табысы, керісінше, орташа деңгейден жоғары: бұл категориядағы респонденттердің 20,5%-ы 600 мың теңгеден артық табыс табатынын айтқан.
ТҰРМЫС ЖАҒДАЙЫ
Бейресми жұмыспен қамтылғандардың отбасылық тұрмыс деңгейі туралы ойлары да әртүрлі. Сауалнама нәтижелері бойынша, «конверттегі жалақы» алатындардың 26,8%-ы ақшасы ең қажетті нәрселерге де әрдайым жетпейтінін айтқан. Ал негізгі қажеттіліктерге және аз мөлшерде жинақтауға жететін табысы барлардың үлесі небәрі 9,4%. Көлеңкелі кәсіпкерлер арасында жағдай жақсырақ: 19,7%-ы ешнәрседен таршылық көрмейтінін айтса, 13,9%-ы негізгі шығындардан бөлек жинақ та жасайтынын жеткізген. Ал ең әлсіз категория – кездейсоқ табыс табатындар арасында қаржылық тұрғыда өзін сенімді сезінетіндер өте аз: небәрі 5%.
БЕЙРЕСМИ ЖҰМЫСШЫЛАР САНЫ
Ұлттық статистика бюросы «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің ресми деректері бойынша, өткен жылы Қазақстанда 1,2 миллион бейресми жұмыспен қамтылған азамат тіркелген. Олардың басым бөлігі – 682,5 мың адам – экономикадағы ресми секторда жұмыс істеген, яғни заңды кәсіпорындарда, бірақ еңбек шартысыз, ауызша келісіммен еңбек еткен. Бұл сан 2022 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артқан. Ал бейресми экономика қызметкерлерінің аз бөлігі – 473,2 мың адам – бейресми еңбек секторына жатқызылған. Олардың қатарына жұмыс берушімен патентсіз, лицензиясыз немесе тіркеусіз жұмыс істейтіндер, сондай-ақ салық төлемей, қызмет көрсететін немесе тауар өндіретін адамдар кірген. ҰСБ сарапшылары мұндай жұмысшылардың жалпы жұмыспен қамтылған халық арасындағы үлесін 12,8% деп бағалайды.