Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) мәлімдеме жасады. Ұйым ұшақ апатынан қаза болған азаматтардың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәлімдеме ұйымның ресми сайтында пайда болды.
ICAO НЕ ДЕЙДІ
Ұйым халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның (Чикаго конвенциясы) 13-ші қосымшасына сәйкес ИКАО-ға мүше мемлекеттерді жан-жақты және тәуелсіз тергеу жүргізуді қолдау үшін бір-бірімен толық ынтымақтасуға шақырады.
– Халықаралық азаматтық авиация стандарттары барлық зардап шеккен мемлекеттерді шақыра отырып, тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етеді. Тергеушілерге апат туралы барлық тиісті ақпаратты беріп, осы қайғылы жағдайға себеп болуы немесе ықпал етуі мүмкін фактілер мен кез келген ықтимал факторлар туралы есеп беру тапсырылды. Сондай-ақ оларға қорытынды нәтижесінде қауіпсіздікті жақсарту бойынша тиісті шараларды ұсыну ұсынылады, - делінген мәлімдемеде.
Ұйым халықаралық тергеу тобына бақылаушы ретінде ИКАО сарапшысын тағайындап, тергеуді қолдауға дайын. Сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекеттер мен қызмет көрсетушілерді тергеу процесімен толық ынтымақтастық шеңберінде барлық тиісті ақпарат пен жазбаларды қорғауға шақырады. Тергеуге қатысуға құқығы бар елдер – оператор мемлекеті, әуе кемесін тіркейтін мемлекет, оны құрастырушы және дайындаушы мемлекет (ұшақтар мен қозғалтқыштар), сондай-ақ өз азаматтарына өлім немесе ауыр жарақат алған мемлекеттер.
– 13-ші қосымшада көзделген тергеу келешекте апаттардың алдын алу мақсатында, қауіпсіздік жөніндегі деректер мен ақпаратты жинау және талдау арқылы жүргізіледі. Конвенцияға сәйкес, апаттан кейін 30 күн ішінде алдын-ала есеп, ал 12 ай ішінде қорытынды есеп беру ұсынылады. ИКАО-ның қолдаушы рөлі осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін осы апатқа ықпал ететін барлық ықтимал факторларды зерттейтін мұқият тергеуді жүргізуге көмектеседі, - делінген мәлімдемеде.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.