Ұшақ апаты кезінде оқиға орнына ең бірінші жеткен ақтаулық әскери қызметкер сол сәттегі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оtpannews.kz сайтының жазуынша, Ақтау маңында болған ұшақ апаты кезінде ең алғашқы болып оқиға орнына жетіп, әуе кемесінің есігін ашып, құтқару жұмыстарына атсалысқан азамат - ҚР Әуе қорғаныс күштері авиациялық базасының әскери қызметкері Нұрлан Ботағарин екен.
Ұшақ апаты болған маңайда Әуе қорғаныс күштері авиациялық базасының станциясы орналасқан. Нұрлан Ботағарин 30153 әскери бөлімнің келісім шарт бойынша әскери қызметшісі ретінде сол күні кезекшілік жұмысында болған. Ұшақтың құлағанын көргенде еш ойланбастан құлаған ұшаққа қарай жүгірген.
– Әуедегі ұшақтың қона алмай жүргенін байқағаннан кейін, көз алмай қарап тұрдым. Оқиға орын алған кезде дереу көлігіме отырып, ұшаққа қарай беттедім. Алғашқыда 10 шақты адамы бар кішкентай ұшақ шығар деп ойладым. Бірақ адам көп екен. Алдымнан ақ көйлекті, үсті басы қан-қан болған кішкентай қыз шықты, – дейді ол.
Бұған дейін мұндай ауыр жағдайларды, бөлінген адам денесін, жүрегің ауыратын қиын сәтті көрмеген ол, алғышында шошып кеткенін жасырмады. Бірақ көп ойланбастан бірден есікті ашқан.
– Артқы жақтағы ұшақтың бөлінген тұсындағы есікті қатты теуіп ашып қалып едім, ар жақтан шыға алмай жатқан біраз адам барын көрдім. Солай бәрін шығаруға тырысып жатқанда көмекке "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" қызметкерлері мен құтқарушылардың келіп жатқанын байқадым. Жедел жәрдемнің даусы шығып, олар да жақындап қалғанын білдім. Солай барынша қолымнан келген әрекетті жасадым, – дейді әскери қызметкер.
29 жастағы Нұрлан Ботағарин Ақтау қаласының тұрғыны. Боранқұл ауылының тумасы. Бүгінде жары екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр.
Нұрлан бұл әрекетін әскери борышы ғана емес, азаматтық парызым деп есептейді. “Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” демекші, ауыр апатта ең алғашқы көмек көрсеткен құтқарушыларға жұртшылықтың да алғысы шексіз.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.