Таиланд астанасы Бангкоктан Оңтүстік Кореяға бағыт алған ұшақ бүгін таңертең апатқа ұшырап, борттағы 181 адамның 179-ы қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ АПАТ
Муанда (Сеулден 288 шақырым жерде) ұшақ апатынан екі адамды қоспағанда, борттағы барлық адам көз жұмған. Бұл туралы Оңтүстік Коряның өрт сөндіру агенттігі хабарлады.
Бортында бангкоктық 181 жолаушы болған Jeju Air авиакомпаниясының ұшағы таңғы сағат 9:07-де Муан халықаралық әуежайына қонуға тырысып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соқтығысқан. Әуелі кем дегенде 28 адам опат болып, тағы бірнеше адам жарақат алғаны хабарланған еді. Кейін жолаушылар борттағы адамдардың көбі дерлік аман қалмағаны белгілі болды
Әуежай билігі ұшақ апат болған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанын хабарлайды. Бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталған. Қоршауға соғылған ұшақ жарылып, өртеніп кеткен.
Куәгерлер ұшақтың шассиі, мысалы, дөңгелегі дұрыс шықпай қалғанын көргенін айтады. Апатқа жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.