×
503.15
543.3
5.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.15
543.3
5.93

Кореяда тағы бір ұшақ шассиінде ақау шықты. Әуекомпания рейсті тоқтатты

30.12.2024, 12:16
Кореяда тағы бір ұшақ шассиінде ақау шықты. Әуекомпания рейсті тоқтатты
Фото: Yonhap

7C101 рейсі дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6:37-де Сеулдегі Кимпхо әуежайынан Чеджу аралына ұшып шыққан. Көп ұзамай экипаж шасси жүйесіндегі ақауларды анықтап, бір сағатқа жетпей ұшақ Кимпхо әуежайына сәтті қонды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Ұшақ бортында 161 жолаушы болған, ешкім зардап шеккен жоқ. Әуе компаниясы дәл сондай Boeing 737-800 моделіндегі басқа ұшақты ұсынды. Дегенмен, 21 жолаушы қауіпсіздік себептерімен ұшудан бас тартқан.

Бұған дейін 179 адам қаза тапқан жексенбі күнгі Jeju Air ұшағының апатында барлық үш шасси дұрыс істемеген болуы мүмкін екені айтылуда.

Осы жағдайға байланысты Оңтүстік Кореяның президентінің міндетін атқарушы Чхве Сан Мок дүйсенбі күні елдің әуе компанияларының жұмыс жүйесінің қауіпсіздігін шұғыл тексеруді тапсырды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, Boeing 737-800 үлгісіндегі барлық ұшақ тексеріледі. Оңтүстік Кореяның әуе компанияларында барлығы 101 осындай ұшақ бар, оның ішінде Jeju Air әуекомпаниясына тиесілі 39 ұшақ бар. Авиациялық билік әуе компаниялары Boeing хаттамаларына сәйкес ұшуға дейінгі тексерулерді дұрыс жүргізіп жатқанын тексереді.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ АПАТ

29 желтоқсанда Муанда (Сеулден 288 шақырым жерде) ұшақ апатынан екі адамды қоспағанда, борттағы барлық адам көз жұмған. 

Бортында бангкоктық 181 жолаушы болған Jeju Air авиакомпаниясының ұшағы таңғы сағат 9:07-де Муан халықаралық әуежайына қонуға тырысып, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соқтығысқан. Әуежай билігі ұшақ апат болған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанын хабарлады. Бірақ ол әрекет сәтсіз аяқталған. Қоршауға соғылған ұшақ жарылып, өртеніп кеткен.

Куәгерлер ұшақтың дөңгелегі дұрыс шықпай қалғанын көргенін айтады. Апатқа жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себеп болуы мүмкін. 

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.