Түркістан облысында полиция қызметкерлері тынысы тарылып, ауа жетпей қиналған 11 айлық нәрестені ауруханаға жедел жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап
АНЫҚ-ҚАНЫҚ
Түркістан облысында үйде еңбектеп жүрген 11 айлық нәресте кенеттен тынысы тарылып, денсаулығы күрт нашарлаған. Сәбидің ата-анасы дереу ауруханаға жеткізбек болып, сол сәтте жол бойында патрульдік қызмет атқарып жүрген полицейлерді байқап, баласын дер кезінде ауруханаға жеткізе алмай қаламын ба деген үреймен көмекке жүгінеді.
Тәртіп сақшылары бірден әрекетке көшіп, нәресте мен анасын қызметтік көлікке отырғызып, маяктарын қосқан күйі Түркістан қалалық балалар ауруханасына шұғыл жеткізді.
Бүгінгі таңда дәрігерлердің бақылауындағы сәбидің өміріне ешқандай қауіп жоқ. Ата-анасы баласының өмірін сақтап қалуға септігін тигізген Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азиз Алиев пен Ұлысбек Сартаевтің шұғыл әрекетіне және адамгершілік қолдауына шексіз алғысын білдірді.