Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағына қатысты нақты зерттеу нәтижесі шамамен үш жылдан кейін шығатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
ТАСС мәліметінше, тергеу комиссия құрылған күннен бастап 36 айға дейінгі есепті дайындау мерзімін реттейтін бұйрығына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Ережеге сәйкес, қосымша зерттеулер қажет болмаса, есеп белгіленген мерзімде дайын болуы керек. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев тергеудің алдын ала немесе аралық нәтижелері 30 күн ішінде белгілі болатынын айтты.
Бұған дейін Бразилияда Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін зерттеу басталғанын хабарлаған едік. AzeSputnik мәліметінше, қара жәшікті зерттеу жұмыстарына Қазақстан, Әзербайжан мен Ресейдің тергеушілері де қатысып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
25 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесінің қара жәшігі табылды. Ал 26 желтоқсанда Маңғыстау облысының көліктегі прокуроры Абылайбек Ордабаев ұшақ құлаған жерден тағы бір «қара жәшік» табылғанын айтты.