Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үй алу үшін 2 млрд теңге салып, баспанасыз қалды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ақпаратты қаржы мониторингі агенттігі таратты.
АГЕНТТІК НЕ ДЕЙДІ
Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысындағы департаменті құрылыс компаниясының топ менеджерлерінің заңсыз әрекетіне тосқауыл қойған. Олар көпқабатты тұрғын үй кешенін саламыз деген сылтауымен 1,8 млрд теңге қаражатты жымқырған.
– Тергеу барысында Өскемен қаласында екі күдікті құрылысқа қатысуға арналған жалған келісімшарттарды жасап, 102 азаматты алдағаны анықталды. Соның салдарынан құрылыс ұзаққа созылып кеткен. Мерзімдер бірнеше рет ұзартылғанымен, тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмаған. Компаниялар үлескерлердің ақшалай қаражатын тартуға рұқсат құжаттары болмағантықтан заң талаптарын бұзған, – делінген агенттіктің хабарламасында.
КҮДІКТІЛЕР ҚАМАУДА
Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілген. Тергеу барысында күдіктілердің 2,3 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынған. Зардап шеккендерге қаражатты қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Агенттік бұдан өзге ақпаратты қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сілтеп таратпады.