Астана маңында 95 көліктің жол апатына түсуіне байланысты қылмыстық із қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
3 қаңтарда Астана - Петропавл жолында, Жаңаталап кентінің маңында жүргізушілердің арақашықтық пен жылдамдықты сақтамауы салдарынан 95 көлік соқтығысты. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі "Жол қозғалысына қатысушылардың абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" және 353-бабының 1-бөлігі "Қолданыстағы көлік ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды , - деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.
Тергеу аясында жол апатының барлық мән-жайы анықталады. Тергеу жалғасып жатыр.
3 қаңтарда түстен кейін Ақмола облысы Бұланды ауданы Жаңаталап ауылының маңында "Астана-Петропавл " автожолында жол апаты болды. ТЖМ мәліметінше, оқиға салдарын жою және көмек көрсету үшін Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары апат орнына дереу жіберілді. Оқиға орнына ТЖМ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастаған ведомство басшылығы да барды.
4 қаңтарға қараған түні авариялық-құтқару жұмыстары барысында 86 адам,оның ішінде 14 бала құтқарылды және эвакуацияланды. Олар Астана қаласына бара жатқан машиналармен және ТЖ көлігімен жөнелтілді.
21 АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ
Медициналық мекемелерге 21 адам жеткізілді, өздері жүгінген азаматтар да бар, оның ішінде 11 адам ауруханаға жатқызылды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖМ, ІІМ, жол қызметтерінен 152 адам және 68 бірлік техника жұмылдырылды. Жылыту пункттері ашылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.