1 қаңтардың күні Батыс Қазақстан облысындағы Меловые горки ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан жаяу жүргінші қаза тапты. Көлік жүргізушісі полицей болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көлікті Ақжайық аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон қызметінің қызметкері басқарған. Белгілі болғандай, оның өз аймағынан тысқары жерге шығуға рұқсаты болмаған, деп жазады Мой город.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жол апатын растап, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты жолдың жарықсыз, қараңғы тұсында болған. Жүргізушінің көзіне қарсы келе жатқан көлік шамының жарығы шағылысқан.
Медициналық сараптама полицейдің ішімдік ішпегенін көрсетті. Оқиғадан кейін қызметкер ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылып, қызметтік тергеу тағайындалған. Қосымша ақпарат әзірге жария етілмейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін бұрынғы полицей ер адамды өлімші етіп сабап тастағанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Атырауда полиция қызметкері жасөспірімді қағып өлтірген. Сот бұрынғы полицейге 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал былтыр шілде айында Ақтөбеде мас күйінде көлік тізгіндеген полицей рульге ие бола алмай, 25 және 26 жастағы ерлі-зайыпты екі адамды қағып кеткен еді. Дереккөзге сүйенсек, полиция қызметкері тойдан кейін мас күйінде көлік тізгініне отырған. Өкінішке қарай, ерлі-зайыптылар қаза тапқан.