Бұл сұраққа бүгін қаржы министрлігінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАС САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ
Садақа, қайырымдылық, емдік шараларға расында да, мобильді аударымдар арқылы қаражат жинап жатады. Бұл кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Яғни, ол салықтандыруға жатпайды. Біз жоғарыда айттық – тек кәсіпкерлік мақсатқа пайдаланғандар бақыланады. Егер емдік шараларға қаражат жинаса, тиісінше емдік құжаттар болады. Хабарлама жолдануы мүмкін, жолданса дәлел құжаттар арқылы ол азамат түсініктеме береді, – дейді ол.
Kaspi банкте ұялы телефон нөмірі тіркелген азаматтардың аударымдарын бақылау мәселесі әлі де көп талқыға түсіп жатыр. Бүгін қаржы министрлігінің өкілдері журналистердің басын қосып, осы тақырыпта баспасөз мәслихатын өткізді. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі аударым сомалары емес, тек қатарынан 3 ай бойы 100-ден астам адамнан аударым қабылдаған жеке тұлғалар бақылауға алынатынын атап өтті. Мұндай жағдайда, аударым қабылдаған жеке тұлғаның ЖСН-і мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіледі, ал тұлғаның өзіне камералдық бақылау жүргізу туралы хабарлама жолданады. Ол не себепті осыншама аударым алғанын түсіндіруі керек. Бұл талапты орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Егер адам бұл хабарламаға жауап бермесе, оның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады.