Ресейдің АҚШ-тағы дипломаттарына Элизабет-Ситиде өткен кеңес ұшқыштарының қазасының 80 жылдығының еске алу іс шарасына қатысуға рұқсат етілмеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы АҚШ-тағы Ресей елшілігі өзінің Telegram-каналында хабарлады.
Нақты айтсақ, ресейлік дипломаттарға америкалық «Каталина» гидроұшақтарын КСРО-ға жеткізген «Зебра» жобасына қатысқан кеңес ұшқыштарының қазасының 80 жылдығына арналған еске алу рәсіміне қатысу үшін Элизабет-Ситиге баруға рұқсат берілмеді.
«АҚШ-та жүріп біз жергілікті саяси құрылымның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ресейлік-америкалық одақтың тарихын ұмытуға деген ұмтылысын анық сезініп отырмыз. Бұған нақты дәлел – ресейлік дипломаттардың Елизавета-Ситиге еске алу рәсімін өткізуге баруын мақұлдаудан бас тарту», - делінген дипломатиялық миссияның арнасында.
БАТЫС САЛҒАН САНКЦИЯЛАР
Еске сала кетсек, батыс елдері Украина-Ресей соғысына байланысты соңғы уақытта санкциялық талаптарды тағы да күшейте түсті.
Айталық, Байден қызметінен кетерде де Ресейге қарсы жаңа санкция енгізуді көздеп отыр. Ал АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Вашингтон Ресейдің мұнай экспортынан түсетін кірісін және оның соғыста қолданылатын шетелдік ресурстарға қол жетімділігін төмендетуді жалғастыратынын айтты.
Сонымен қатар ЕО Украинадағы соғыстың үш жылдығында Ресейге қарсы жаңа санкциялар қабылдамақ.
Ал жуырда Интерфакстың хабарлауынша, 180-нен астам кеме АҚШ Қаржы министрлігі салған санкцияға ұшырады. Соның ішінде ресейлік мұнайды тасымалдаумен айналысатын танкерлер де бар. Сол тізімде Қазақстанның бұрынғы президентінің атымен аталған «Нұрсұлтан Назарбаев» мұнай танкері де АҚШ Қаржы министрлігі салған санкциясына ілініп кетті.