Өзбекстанда басшылық қызметті атқаратын не сол лауазымдарға резервте тұрған тұлғаларды сыбайлас жемқорлыққа бейімділігі тұрғысынан тексеруге қатысты жаңа тәсіл енгізу ұсынылды. Бұл бастаманы елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Акмаль Бурханов қолдаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Агенттік жетекшісінің айтуынша, мұндай шара мемлекеттік қызметке кездейсоқ немесе заңсыз баю ниетімен келген адамдарды анықтауға, сонымен қатар, адал мамандарды іріктеуге жол ашады.
Адалдықты тексеру аясында арнайы психофизиологиялық тест пен полиграф қолданылады.
Оның қорытындысы бойынша тиісті тәртіптік шаралар қабылдануы мүмкін: жұмысқа қабылдаудан бас тартудан бастап, қызметтегі мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығаруға дейінгі жаза түрлері қарастырылмақ.
Жалпы алғанда, «Адалдықты тексеру» – бұл мемлекеттік қызметшінің құндылықтары мен мінез-құлқын сараптай отырып, лауазымдық міндеттерді орындау барысында сыбайлас жемқорлыққа жол беру және мүдделер қақтығысына тап болу тәуекелін бағалайтын кешенді жүйе екені айтылды.
ЕКІ ТӘСІЛ ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Тексерудің екі тәсілі ұсынылып отыр: «мақсатты» және «таңдамалы».
«Мақсатты» тексеруде барлық мемлекеттік орган мен ұйымға жұмысқа қабылданатын үміткерлерден адалдық тесті алынады. Бұл тестті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сұранысы бойынша Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігінің басқарушы персоналды бағалау орталығы жүргізеді.
Ал «таңдамалы» тексеру сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түскен тұлғаларға қатысты қолданылады.