Жеңсік ас саналатын уылдырықтардың бағасы бүгінде әр өңірде әртүрлі. Кез келген адамның сатып алуға қалтасы көтермейді. Ал солардың ішінде қара уылдырықты табу, сатып алу одан да қиын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Дүкендерде құнысбалық, бақтақ, кета, нерка балықтарының қызыл уылдырығы сатылады. Бағаны салыстыру кезінде салмағы 100 грамм болатын өнім алынды. Бір айта кетерлігі, табиғи уылдырық кейбір қаладан, дүкеннен табылмады. Қара уылдырық бағасы тіпті аспандап тұр. Сондықтан болар, оны өте сирек кезіктіреміз.
“Ең арзаны Шымкент қаласында болып шықты. Мұнда 100 грамм қызыл уылдырықты 2400 теңгеге табуға болады. Мегаполистен қара уылдырық та табылады. Дүкен сөрелерінде 100 грамм қара уылдырық құны 32 000 теңгеден басталады”, деп жазды "ҚазАқпарат".
Одан кейінгі орында Жезқазған қаласы тұр. Мұнда 100 грамм қызыл уылдырық құны – 2500 теңге. Қаладан қара уылдырықты табу мүмкін емес. Алайда бір сауда нүктесі тапсырыспен жеткізіп беруге келісті. Ол үшін алдын ала төлем сұрамайды. Айтып өтейік, қара уылдырықты теңіз өнімдерін сататын арнайы дүкендерден ғана кездестіруге болады.
Өскеменде қызыл уылдырық құны 2800 теңгеден басталады. Ал Оралда одан қымбаттырақ. Мұнда 100 грамм уылдырық бағасы 3400 теңге тұрады. Екі қаладан да қара уылдырық табылмады.
Таразда қара уылдырық бар. Бұл қалада қара уылдырықтың 100 грамы 29 000 теңге тұрады. Ал қызыл уылдырық құны - 3500 теңге. Ақтау қаласында қызыл уылдырық құны 3600 теңге тұрады. Мұнда да қара уылдырық сатылады. Тек 100 грамм уылдырық 47 000 теңге тұрады. Ақтауда қымбат жеңсік ас шығаратын кәсіпорын да ашылған.
Одан кейінгі орында Көкшетау қаласы тұр. Мұнда қызыл уылдырық бағасы 4200 теңгеден басталады. Атырау мен Семейде сәл қымбат. Мұнда 100 грамм жеңсік ас бағасы 4200 теңгеден басталады. Бұл қалаларда қара уылдырық жоқ.
Рейтингтің орта тұсында Павлодар қаласы тұр. Мұнда қызыл уылдырық бағасы 4500 теңге. Ал 100 грамм қара уылдырық құны 30 000 теңгеден басталады.
Ақтөбеде 100 грамм қызыл уылдырық 4600, ал Астанада 5660 теңге тұрады. Еліміздің астанасында қара уылдырық бар және оның бағасы 37 000 теңгеден басталады.
Астанадан кейін Петропавл қаласы тұр. Мұнда қызыл уылдырық құны 5760 теңгеден басталады. Қара жеңсік астың ең арзаны 37 000 теңге тұрады. Талдықорғанда қызыл уылдырық құны сәл қымбаттау. 100 грамм уылдырық бағасы - 5980 теңге. Еліміз бойынша ең қымбат қара уылдырық осы өңірде болып шықты. 100 грамм өнім бағасы 50 000 теңгеден басталады.
Үшінші орында Қарағанды қаласы тұр. Мұнда қызыл уылдырық құны 6000 теңгеден басталады. Қара уылдырық құны 29 000 теңге тұрады.
Екінші орында - Қостанай қаласы. Мұнда 100 грамм қызыл уылдырық бағасы - 6500 теңге. Ал еліміз бойынша ең арзан қара уылдырық Қостанайда болып тұр. Мұнда 100 грамм жеңсік ас 17 000 теңге тұрады.
Бірінші орында - Алматы қаласы. Мұнда қызыл уылдырық бағасы 7000 теңгеден басталады. Ал қара уылдырық құны 30 000 теңгеден басталады.