Астана – Петропавл тас жолындағы жаппай жол апатына көлікті ебедейсіз айдаған жүргізушілер кінәлі болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Аслан Уакишев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жыл басында Астана – Петропавл тас жолында 95 көлік соқтығысқан болатын. Артынша медициналық көмекке 20 адам жүгінді. Қазақстандықтар мұндай жаппай апаттың себебін талқылай бастады. Бүгін ТЖМ бұл жағдайға алдын ала «абайсыз жүргізушілер» кінәлі болуы мүмкін екенін айтты.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Ол жерде жағдай былай болған: ІІМ қызметкерлері көліктерді колоннамен алып жүруді ұйымдастырды. Сол колоннада абайсыз жүргізушілер бір-бірін басып озуға тырысып, соның салдарынан осындай оқиға болып отыр. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Аслан Уакишев.
ТЖМ НЕ ЖАСАДЫ
ТЖМ-ның құзыретіне зардап шеккендерді құтқару және эвакуациялау кірді. Уакишевтің айтуынша, бөлімшелер сол уақытта үйлесімді жұмыс істеген. Барлығын мүмкіндігінше құтқарып, эвакуациялап, жылыну пункттеріне жеткізген. Қалаға жетуі қажет болғандарды пойыздарға отырғызды.
АДАМДАР ЖАЗАЛАНА МА
Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары қазақстандық жүргізушілерге жолдардың жабылуы туралы хабарламалар мен белгілерді елемегені үшін айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Астана маңында 95 көліктің жол апатына түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
3 қаңтарда Астана - Петропавл жолында, Жаңаталап кентінің маңында жүргізушілердің арақашықтық пен жылдамдықты сақтамауы салдарынан 95 көлік соқтығысты. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі "Жол қозғалысына қатысушылардың абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы" және 353-бабының 1-бөлігі "Қолданыстағы көлік ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды , - деп хабарлады облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.
Тергеу аясында жол апатының барлық мән-жайы анықталады. Тергеу жалғасып жатыр.