×
530.12
546.08
5.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.12
546.08
5.17

Еуропаның тауарларын өткізбей жатыр: Қазақстан Ресейге нота жолдады

Бүгін, 17:29
Еуропаның тауарларын өткізбей жатыр: Қазақстан Ресейге нота жолдады
Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі сол елдің сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдады. Қазақстан тарапы Еуропа елдерімен алыс-беріске ресейлік кеденшілердің кедергі келтіріп отырғанымен келіспейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.  

КӘСІПКЕРЛЕР ШАҒЫМЫ

Отандық кәсіпкерлер ресейлік кеден органдарының негізсіз іс-әрекеттеріне бұған дейін шағымданып, “Ақ жол” депутаттарына жүгінген. Кәсіпкерлер ресейлік кеденшілер Еуропа елдерінен халықаралық транзиттік тасымалдар арқылы Қазақстанға келетін жүктерді тексеріп, мүлдем кешіктіріп жатқанына шағымданған. Көлік құралдары тоқтап, жүктер көп тексеруге ұшыраған. Соның салдарынан шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырап, тіпті ірі айыппұлдарға ілінген.

Кеденшілері Ресей үкіметінің үш қаулысына сілтейді. Алайда қаулыларда Ресей аумағынан тыс жерлерде басталатын және аяқталатын халықаралық транзиттік тасымалдар аясында Ресей аумағынан әкетілетін тауарларды алып тастау қарастырылған. Осылайша, ресейлік кеден органдарының әрекеті Ресей үкіметінің саясатына қайшы шыққан деп есептейді депутаттар. Олар осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннен отандық бизнестің мүдделерін қорғап, бұл мәселені ресейлік әріптестерімен реттеуді сұраған еді.

РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ХАБАР БЕРМЕЙ, ШЕКТЕУДІ БІРЖАҚТЫ ЕНГІЗГЕН

Депутаттардың бұл сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей үкіметі 2022 жылғы қаулыға қосымша түзету енгізіп, шектеуге қосымша тауарларды енгізгенін хабарлайды. Аталған өзгерістер бірқатар тауарларды (ұшқышсыз ұшу аппараттары, әскери киім, электр генераторлары, аккумуляторлар және тағы басқа) Ресей аумағынан белгілі бір мемлекеттер мен аумақтарға (Еуропа, АҚШ, Украина және тағы басқа) әкетуге қосымша шектеулер енгізеді. 

Аталған тауарларды әкетуге тыйым салу «дос емес ел» санатына жатқызылған тараптың қатысуымен сыртқы сауда келісімшарты жасалған жағдайларды қоса алғанда, олардың Ресей аумағы арқылы транзитіне де қолданылады. Бұл ретте Ресей тарапы осы түзетулер енгізілгенге дейін Қазақстан тарапын хабардар етпей, осы шектеулерді біржақты тәртіппен енгізді, – дейді Жұманғарин жауабында.

Осындай шектеуге Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы литий-ионды аккумуляторларды Еуропаға Қытайдан алып, апара жатқан Қазақстанның тағы 20 жүк тасымалдаушысы іліккен. Сонымен бірге, Жұманғарин осындай шектеулерді елемеген кәсіпкерлерге Ресей билігі 300 мың рубльге дейін айыппұл салатынын ескертеді. Тіпті кәсіпкерлердің тауарын тәркілеуі мүмкін.

ҚАЗАҚСТАН НОТА ЖОЛДАҒАН

Мәселені шешу мақсатында Қазақстан Ресейдің уәкілетті органдарымен келіссөз жүргізіп жатыр. Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Ресейдің экономикалық даму министрлігіне аталған көлік құралдарын межелі жерге шығару немесе оларды Қазақстанға қайтару мәселелерін шешу туралы хат жолдаған. ЕАЭО кеден кодексінің 381-бабына сәйкес кеден органы оларды ЕАЭО кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған. ЕАЭО кедендік аумағынан кеткен кезде ұсталған тауарлар декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады. 

Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі осы мәселені шешу үшін Ресейдің сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдаған.

Ресей тарапының ақпаратына сәйкес, Қазақстан аумағынан түсетін жүктерге қатысты көрсетілген шаралар экспорттық бақылау шараларына сәйкес қолданылады. Бұл ұлттық құзыретке жатады. Бұдан басқа, тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу оларды Ресей  үшін «дос емес» елдердің пайдалануына жол бермеу мақсатында енгізілген, – дейді Жұманғарин.

Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында осы мәселені талқылағалы отыр.