Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи АҚШ президенті болып Дональд Трамптың тағайындалуы Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы ойын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ермұрат Бапи бұл тұрғыда сарапшылардың пікірі әртүрлі екенін айтты.
- Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азия елдерінде әлдебір әскери соғыс, кикілжің ықтималдығы жоғары деген пікір бар. Ол жөнінде Американың соғысты зерттеу жөніндегі ұйымы қорытынды жасап, сарапшылық пікір айтып отыр. Бірнеше әлемдік ұйымдарда да сондай пікір бар. Себебі біз Орталық Азияға қазір Ресейдің мүддесі, Батыстың мүддесі, үшінші жағынан Қытайдың, төртінші жағына исламистік Иран секілді мемлекеттердің мүддесі топтасса, әрине бұл жерде ондай тәуекелдердің болуы әбден мүмкін. Бірақ қазір бізідң сыртқы саясатымыз – дипломатиялық саясат болғандықтан, біз еш кикілжіңдер мен қақтығыстардан тыс мемлекет ретінде осы жағдайды реттеу мүмкін деп ойлаймын, дейді Бапи.
ТРАМП ЖАЙЛЫ
Ермұрат Бапи Трамп шұғыл әрі күрделі әрекеттерге баратынын айтады.
- Трамп мырзаның қазір мінез-құлқына қарап, президенттік құзіретін қалай бастаған алғашқы күннен қарасақ, шұғыл әрі күрделі әрекеттерге баратынын көріп тұрмыз. Оның бірі – бірден миграция мәселесін тоқтату туралы шешімі. Ол сол жерде тұратын, Америкада 10 миллионнан астам заңсыз мигранттар бар деп естиміз. Оның бала-шағасы бар. Бәрін бірден қуып шығу өте үлкен әлеуметтік теңселістерді туғызады. Сондықтан біздің елге қатысты ондай әрекеттер – мұнай нарығына байланысты болуы мүмкін. Егер Ресейдің мұнайын шектеу жөнінде Американың, Батыстың сакциялары одан ары күшейсе, тасымал 100 пайыз тоқтаса, ол біздің елдің мұнай өндірісіне әсері тиюі мүмкін. Біз Ресей арқылы Қазақстанның мұнайын Новороссийск терминалы арқылы Батысқа шығарамыз. Егер оны Ресей жауып тастаса, біздің бюджет 30-40 пайыз кірістен қағылады. Сондықтан, біз ашық әлемде ашық саудада аралас-құралас болып жатқан әлемде әлдебір катаклизмалардан, тәуекелдерден сырт қала алмаймыз, дейді депутат.
Айта кетейік, 20 қаңтарда Дональд Трамп инаугурация рәсімінде ант қабылдап, ресми түрде АҚШ президенті қызметіне кірісті.