«Отбасы банкінің» кеңес беру орталығымен байланыстыратын 300 жедел желісінен жиі ақау шығады. Зейнетақы жинағындағы қаржыны арнайы есепшоттан депозитке аудара алмай жатқандар желідегі ақауға наразы. Осы орайда «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова ақау себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зейнетақы жинағындағы қаржыны банк депозитіне аударғысы келген көпшілік орталықтың ортақ нөміріне хабарласа алмай әлекке түсті.
Осы ретте 300 жедел желісі неліктен істемей тұрғанына қатысты банк төрайымы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында былай деп жауап берді.
«300 нөмірі біздің колл-орталықтың нөмірі. 16 желтоқсаннан бастап орталыққа түсетін жүктеме көбейді. Қазір үш есе көп қоңырау түседі, тіпті бір күнде 30-40 мың қоңырау шалады. Сондықтан чат-бот, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілеріне сұрақ қалдырған күнде, біздің қызметкерлер жауап береді», - деді Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.