Астанадағы LRT қыркүйекте іске қосылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
- Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында LRT жобасы аяқталуға сәл-ақ қалды. Жазда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Алғашқы пойыздар қыркүйекте келеді, содан кейін белсенді тестілеу басталады, деді Қасымбек.
LRT ҚҰРЫЛЫСЫ
Елордада жеңіл рельсті жобаның құрылысы 2011 жылы басталғанымен, әлі пайдалануға берілмеген. Бүгінгі күні LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталған. Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.
Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станса кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарлануда. Қозғалыс аралығы 4-5 минутты құрайды. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны күтіледі, бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша, көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған. «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, LRT-ны іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған. Пилотсыз пойыздарды сынақтан өткізу үшін қосымша 6 ай қажет.