Түркістан қаласының алты жастағы тұрғынының асқазанынан үлкен бөгде зат табылғаннан кейін жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне шұғыл жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Тексеру барысында бөгде зат анықталып, ота жасау қажет екені белгілі болды. Хирургтер баланың асқазанынан салмағы шамамен бір келі болатын тығыз шаш түйінін алып шықты.
ОТА
Ота бір сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Келесі күні қыз палатаға ауыстырылды. Бір апта ем қабылдаған соң, оны қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарды.
Анасының айтуынша, баласының бір ай бойы іші ауырсынып, әлсіз болып, тәбеті жоғалып және азып кеткен.
- Мұндай жағдайлар балалар қараусыз қалған кезде болады. Кішкентай балалар әртүрлі заттарды ауыздарына салып, ағзада зиянды заттардың жиналуына әкелуі мүмкін. Бұл олардың өміріне қауіп төндіреді. Біз ата-аналарды мұқият болуға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз, – деді облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.