ҚР бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясының кафедра меңгерушісі, доцент Бүркіт Ғалымұлы елдегі дәстүрлі дінге қауіп төндіретін тенденция туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИКС-ЖАМАҒАТТАР
Бүркіт Ғалымұлының сөзінше, елде микс-жамағаттар деген қауіпті тенденция жүріп жатыр.
- Елде диабандизм деген бар. Ол ханафит масхабының ішіндегі бір бағыт. Белгілі әлеуметтанушы Талғат Жақиянов “бізде микс жамағаттар көбейіп кетті” деді. Яғни елге енді микс-жамағаттар келді. Ол - қауіпті тенденция. Ол жартылай салафит, жартылай халафит масхабындағы адамдар. Ол өзінің салафитте екенін де білмейді, “мен ханафтамын” дейді. Бірақ он сұрақтан кейін сұрақ қойсаңыз, ар жағы салафи идеологиясында. Бірақ өзі оны білмейді. Салафпын деп атамайды, дейді Бүркіт Ғалымұлы Alqa radiosy-на берген сұхбатында.
ҚАУІП
Ол елде осы секілді дүниетанымдар көбейгенін айтты.
- Салдарынан ертеңге күні дәстүрлі дінімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Талғат Жақияновтың айтуы бойынша, Қырғызстан осылай ұлттық дәстүрлі дінінен айырылып қалған. Енді оны қалпына келтіре ала ма, жоқ па белгісіз. Сондай жағдай бізде де болып кетуі мүмкін. Біз тек салафитпен күресіп жүргенде басқа қауіпті тенденциялар келіп тұр. Әрине, жастар, орта жас, кәрілер деп бөліп-жаруға болмайды. Жалпы азамат ретінде, тұлға ретінде қарау керек, дейді Бүркіт Ғалымұлы.