Қонаев қаласының әкімдігі оқушыны сыныптастары өлімші етіп сабағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚПАРАТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Бұған дейін Алматы облысында 9-сынып оқушылары топтасып өз сыныптасын өлімші етіп ұрып тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
- Қалаға кіре беріс алып көпірдің асты күші тасыған оқушыларға күшті мекен болды. Топтық төбелес, тығылып ішу, тарту бәрі осында өтеді. Кеше ғана 9 сынып оқушылары топтасып өз сыныптасын өлімші етіп ұрып тастаған, деді журналист.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕДІ
Полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НЕ ДЕЙДІ
Сондай-ақ білім бөлімі орта мектеп-гимназиясындағы тәртіптік жағдайға қатысты комиссия құрды. Оқушы «Антисептикпен улану» диагнозымен ауруханаға түскен. Қазіргі таңда жағдайы жақсы, ем қабылдауда.
Оқушының анасы төбелес болғанын жоққа шығарып, бейнежазба түсірді.
- Осы жылдың 31 қаңтарында кәмелетке толмаған ұлым жергілікті ауруханаға түсті. Қаланың кіреберіс көпірінің астында ұлымды ешкім соққыға шыққан жоқ және ешқандай топтық төбелес болған жоқ, - дейді оқушының анасы.