Депутаттар жер қойнауын пайдалану туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАНДАЙ ЗАҢ
Мәжілісте бүгін жер қойнауын пайдалану туралы кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша құжат келіп түсті. Депутаттар оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин бірнеше депутат заң жобасын әзірлегенін айтады.
ҚҰЖАТ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ
Заң жобасының негізгі новеллалары – аз зерттелген учаскелерде жер қойнауын геологиялық зерттеу сатысынан кейін көмірсутектер бойынша барлау кезеңіне басым құқық беру, көмірсутектер саласында ұлттық компаниялар үшін жер қойнауы учаскелерін зерттеу құқығына уақытша шектеу белгілеу, өндіру кезеңін ұзарту кезінде инвесторға уранды конверциялау және байыту технологияларды беру жөнінде міндеттемелерді бекіту. Сонымен қатар қазба байлықтарға байланысты Конституция реформасында қабылданған халық пен мемлекет мүдделеріне сай шешімдерді қамту үшін стратегиялық ресурс болып табылатын уранның барлық перспективалық учаскелері бойынша барлаудың басым құқығын уран саласындағы ұлттық компанияға беру, – дейді Жаңбыршин.
Комитет заң жобасын жұмысқа алуға дайын деді депутат.