×
520.27
537.65
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
520.27
537.65
5.24

Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мағауин даңғылы деп өзгерту бастамасы көтерілді

Бүгін, 16:36
Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мағауин даңғылы деп өзгерту бастамасы көтерілді
ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің атын көше беру бастамасы көтеріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіде Бота Дн атты азамат аталған бастаманы желіге жазған. 

Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне мысалы , ұзындығы 7000 метр Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар. Розыбакиев деген ұлтқа қандай еңбегі сіңгені белгісіз біреу. ВК анықтамасында Жетісуда келмеске кеткен Совет өкіметін орнату жолындағы күреске қатысушы, Әскери революциялық комитеттің мүшесі деп жазылыпты, – дейді ол.

Ол сонымен бірге Мағауин орталығын ашу керек деп есептейді.

Аталған бастаманы журналист Дастан Қастай қолдады.

Меніңше, өте-мөте дұрыс ұсыныс. Ұлтымыздың тарихын түгендеп, қилы кезеңнің өларасынан аса бай рухани орамымызды, бағалы бедерімізді аршып алған Мұхтар Ата Мағауин атындағы көше жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, қоғамдық қозғалысқа, өз қаламыздың тарихи мазмұнын байытуға әбден лайық! – деп жазады журналист өз парақшасында.

ЖАЗУШЫНЫҢ ҚАЗАСЫ

Ал 10 қаңтар күні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында өмірден өтті. АҚШ-тан жеткен қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Қайғылы қазаға байланысты президент Тоқаев жазушының жақындарына көңіл айтты. Қазақ жұртшылығы Халық жазушысы Мұхтар Мағауинді жоқтап, қимастық білдірді.

11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында Халық жазушысы Мұхтар Мағауин жер қойнына тапсырылды. Мағауиннің туыстары Ulysmedia журналистеріне жазушының Мэриленд штатындағы Парк Лаун мемориалдық зиратында жерленетінін бұрын айтқан.

МҰХТАР МАҒАУИН ЖАЙЛЫ

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, ал 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Көркем прозаға көбірек ден қойды. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) атанды.

17 ЖЫЛ ШЕТЕЛДЕ ТҰРДЫ

Мұхтар Мағауин 2007 жылы Чехияға көшті. Астанасы Прагада алты жылдай тұрды. Кейін АҚШ-қа қоныс аударды. Түркияда да уақытша тұрды. 2008 жылы “Шыңғыс хан” романын жазуға кірісті. Жазушы Шыңғыс хан түрік тайпасының қият руынан шыққан деп есептейтін.

Жазушының билікті өткір сынаған кездері бар. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде “Қан төгілді” деген атаумен мақала жазып, “менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп, Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізді. Бертін “Халық үні” басылымына берген сұхбатында «Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» деп бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынға алды.

Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді.