Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Еркебұлан Сыдықбаевтың әйелі жол апатынан опат болды. Оның соңында шиеттей төрт бала қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА
Журналист Лұқпан Ахмедяровтың жазуынша, Еркебұлан Сыбықбаевтың әйелі Сая Есенгелді такси болып жүріп, жол апатына ұшыраған. Оның төрт баласына анасы қарасқан. 4 ақпанда Алматы-Бішкек тас жолында жол апатынан 3 адам қаза тапқан болатын. Сая сол кезде көз жұмды.
Лұқпан Ахмедяровтың Сая балаларын асырау үшін күндіз курьер, түнде такси жүргізушісі болып, тірліктің ауырлығын көрген. Әкімдік әйелге баспана алып беруге көмектесеміз деп уәде бергенімен, онысын орындамаған. Керісінше, әкімдік өкілі “үй сұрамасын” деп қорқытқаны туралы да ақпарат тарап жатыр. Блогер Айжан Хамит Бас прокуратурадан жесір әйелге қоқан-лоқы жасап, бопсалаған әкімдік өкілін жазаға тартуын талап еткен. Алматы әкімдігі жазбаны өшіруін сұрап марқұмның отбасына қысым көрсеткен көрінеді. Бірақ блогер жазбасын өшірмейтінін айтқан.
Төрт бала Саяның әпкесінің тәрбиесіне алынады деген де мәлімет бар. Бірақ оның жеке баспанасы жоқ.
КҮЙЕУІНІҢ ҚАЗАСЫ
Еркебұлан Сыдықбаев Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Сұхбат берген Сая Есенгелді күйеуіне оқ президент резиденциясы маңында тигенін айтқан еді. Еркебұлан 2022 жылы 17 қаңтарда ауруханада қайтыс болған. Сол кезде өз құқықтарын қорғау үшін Сая Есенгелді адвокат жалдауға жағдайы жоқтығын айтқан еді.