×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Ұсталған ӘТК бас қолбасшысы орынбасарының қызы үндеу жасады

Бүгін, 15:23
Ұсталған ӘТК бас қолбасшысы орынбасарының қызы үндеу жасады
Ulysmedia.kz коллажы

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің қызы үндеу жариялады. Хайрушев Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін, 14 әскери қызметші қаза тапқан соң ұсталған еді. Ол марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу қорытындысын күтуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қыз әлеуметтік желіде жазба жариялады.

— Қайғыларыңызды жеңілдететін сөз таппай отырмын. Жақындарыңыз бұлай көз жұмбауға тиіс еді. Арамыздан кеткен әр әскери қызметшінің жаны жәннатта болсын, — деп жазды ол.

Кейін Хайрушевтің қызы әкесінің жоғары тұрған басшылықтың бұйрығын орындағанын айтып, өзгенің шешімі үшін жалғыз өзі жауап бермеуі керек деген пікір білдірді.

— Әскери қызмет қатаң иерархияға бағынады. Әскердегі бұйрық қаласаң орындап, қаламасаң елемей қоятын кеңес емес. Шешім әр деңгейде қабылданады. Сондықтан нақты кім шешім қабылдады, кім бұйрық берді, қауіпсіздікке кім жауапты болды — осының бәрін анықтау өте маңызды, — деп жазды ол.

Данияр Хайрушевтің қызы тергеу барысында оқу-жаттығуды ұйымдастыру кезінде шешімді кім қабылдағаны, бұйрықты кім бергені және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне кім жауапты болғаны нақты анықталуы керек екенін айтты.

— Мен кінәлілер жазаланбауы керек деп отырған жоқпын. Керісінше, егер біреу шынымен қылмыстық салғырттыққа жол берсе, заңсыз шешім қабылдаса немесе қайғылы жағдайға әкелген бұйрық берсе, ол адам заң алдында жауап беруге тиіс. Бірақ бір өтінішім бар: нақты кінәлілер жазалансын, жай ғана бұйрықты орындаған немесе командалық тізбекте тұрған адамдар емес, — делінген үндеуде.

Ол өзге адамдар қабылдаған шешімдер үшін әкесінің жауапқа тартылып кетуінен қорқатынын айтып, істі әділ әрі жан-жақты тергеуді сұрады.

Мән-жай

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен «Хазар қорғаны — 2026» оқу-жаттығуы кезінде жел күшейіп, толқын 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.

Бұған дейін Қазгидромет желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні туралы ескерту жариялаған еді.

Бас прокуратура қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Іс аясында бірнеше командир ұсталды.

26 қыркүйекте Ақтауда қаза тапқан әскери қызметшілердің бірі - самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері, 20 жастағы Сержан Аяпбергенді ақтық сапарға шығарып салды. Онымен қоштасуға жүздеген адам келді.

Бұған дейін Ulysmedia.kz Данияр Хайрушев туралы да жазған. Капитан 2015 жылдан бері Әскери-теңіз күштерінде басшылық қызметтер атқарып, жауынгерлік даярлыққа жауап берген. 2026 жылдың көктемінде Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.

Мамырда «Айбын» орденімен марапатталған ол қыркүйекте уақытша ұстау изоляторына қамалды.