Тимур Құлыбаев Қазақстан үкіметімен 1 миллиард доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕРЕККӨЗ МӘЛІМЕТІ
Бұл туралы 5 ақпанда Bloomberg агенттігі осы жағдаймен таныс дереккөздерге сүйене отырып хабарлаған. Яғни қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев елдің бұрынғы президенті әрі қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі кезінде жинаған байлығына байланысты үкіметтің тергеуі аясында мемлекетке 1 миллиард доллар төлеу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
ТӨЛЕМ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ
- Келісім жасалатын болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев төлемнің бір бөлігін ақшалай, қалғанын инвестиция түрінде аударады, – деп жазады агенттік.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Құлыбаев бұл төлемді жасаса да, бұл оның кінәсін мойындағанын білдірмейді.
ҚҰЛЫБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Агенттіктің хабарлауынша, Құлыбаевтың өкілі бұл мәселенің мемлекеттік істерге қатысты екенін айтып, тікелей пікір білдіруден бас тартқан. Дегенмен, ол «кез келген төлемді активтерді қайтару деп атау дұрыс емес» деп мәлімдеген.
Сондай-ақ, миллиардердің өкілі «осы жылдар ішінде Құлыбаев елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты және үкіметпен осы бағытта өзара әрекет етуді жалғастырып отыр» деп жауап берген.