Ulysmedia порталына шыққан такси жүргізушілері шоттарында төлемдер пайда болғанын түсінбей дал.
ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ ШАҒЫМЫ
Тілшімізге такси жүргізушілерінің проблемасын алматылық Дидар есімді жігіт айтып берді. Оның сөзінше, өзі ғана емес, бірнеше таксист бір мәселемен бетпе-бет келген.
«Яндексте жүрген жүргізушілерде мынадай проблема болып жатыр. Біз Каспий пэй ашуымыз керек екен. Каспий пей ашайын деп кірсем, «қарызыңыз бар» дейді. Қалайша деп салық органдарына бардым. Яндекс бізге ақшаның бәрін өздері аударады. Сол үшін әр клиенттен 4 пайыз ақшасын алып отыр. Салық органдары «біз білмейміз, Яндекс бізге аударған жоқ» деп жауап берді, - дейді ол.
Дидарға, ол қатарлы бірнеше таксистке зейнетақы аударымы, МӘМС, әлеуметтік аударым жағынан қарыз екені туралы хабарлама келген. Таксистердің кейбірі 20 мың, кейбірі одан көп қарыз екенін білген.
Дидар Яндекс компаниясына хабарласқан кезде “тиісті аударымдарды жасап қойдық” деп жауап алған. Олар «бізден қате жоқ» деген. Мемлекеттік кірістер органына бағыттаған.
"Салық органдарынан сұрасақ, олар да білмей жатыр. Желтоқсан айы үшін жүргізушілердің салықтан басқа ақшалары жоқ. Менде салықтан қарыз 19 мың теңге, тағы бір жүргізушіде 24 мың теңге, тағы біреуде менікі сияқты шығыпты. Сол сияқты Алматыдағы жүргізушілерде проблема бар. Мұны көбі білмейді. Мен сияқты Каспий пэй ашам дегендер қарыздары барын біліп жатыр. 1414-ке қоңырау шалдық. Олар бізден өтініш қабылдап алды. Бірақ ол кісілердің кеңесі – жүргізушілер жиналып, өздеріңіз жазыңыздар дейді”, – дейді ол.
Дидар мемлекет талабына сай еңбек етейік деп келіскен. Өзінің кезінде таксопаркі болған. “Өз таксопарктерімізді тоқтатып қойдық. Енді осындай мәселемен бетпе-бет келіп тұрмыз”, – дейді ол.
КОМПАНИЯ МЕН САЛЫҚШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia тілшісі Яндекс такси компаниясы мен мемлекеттік кірістер комитетіне осы мәселе жөнінде хабарласқан. Компания өз тарапынан кемшілік жоқ екенін хабарлады. Ал комитет мынадай ақпарат жолдады.
КЕАҚ (Азаматтарға арналған үкімет) жағынан әлеуметтік төлемдерді жүргізуде проблема бар. Қазір серверлердегі техникалық кемшіліктер түзеліп жатыр. Түзелген соң қосымша ақпарат береміз, – деп жауап келді мемлекеттік кірістер комитетінен.
Ulysmedia тілшісі мәселені назарында ұстайды.