×
510.49
527.29
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.49
527.29
5.27

Мәскеу мен Минск USAID жұмысының тоқтағанына қуанып жатыр

09.02.2025, 12:43
Мәскеу мен Минск USAID жұмысының тоқтағанына қуанып жатыр
Getty Images

Шетелде көмек көрсетуге жұмысын бағыттаған америкалық агенттіктің жұмысының тоқтауы Ресей, Беларусь және Молдавиядағы адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлауды бақылау ұйымдарының жұмысына кері әсерін тигізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Еуроньюске сілтеме жасап.

USAID БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ҚЫСҚАРАДЫ: БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ 

Агенттіктің жұмысын 90 күнге тоқтату – АҚШ президенті Дональд Трамптың 2025 жылғы 20 қаңтардағы жарлығымен бекітілген шешім. Үш ай ішінде АҚШ мемлекеттік органдары мен агенттіктері өзінің халықаралық бағдарламаларын тексеріп, көмектің жалғасатынын, өзгертілетінін немесе толығымен тоқтатылатынын айқындауы керек.

Мәскеу мен Беларусьтің ресми өкілдері АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) таратылуын құптай кеткен. Ал құқық қорғау ұйымдары, денсаулық сақтау мамандары және тәуелсіз БАҚ қаржыландырудың тоқтатылатынына алаңдап отыр.

Дональд Трамп әкімшілігі миллиардер әрі өз серіктесі Илон Маскқа ерік беріп, АҚШ үкіметі аппаратының жұмысын ауқымды түрде оңтайландырып, барлық сыртқы көмек бағдарламаларын тоқтатқан.

Бейсенбіде USAID штаты 97% қысқаратыны белгілі болды. 10 000 жұмысшының 290-ы сонда қалады. Шын мәнінде, бұл бүкіл әлем бойынша гуманитарлық жобаларды қаржыландырған америкалық агенттіктің жұмысы қысқаратынын білдіреді.

МӘСКЕУДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Мәскеу Вашингтонның бұл қадамын құптай кетті. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бейсенбіде USAID-ті "басқасы басқа, ол көмек беріп, дамуға жәрдемдесетін агенттік емес" деп мәлімдеді. "Бұл ішкі істерге араласу машинасы, бұл режимдерді, саяси жүйені, мемлекеттік құрылымды өзгерту механизмі" деді ол журналистерге.

Ресейдің бұрынғы президенті әрі қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Трамп пен Масктың шешімін "ақылды қадам" деп атады.

Ресейлік диссиденттерге көмектесетін қоғамдық ұйымдар USAID-тің жабылуы олардың қызметіне қауіп төндіретініне сенімді. ОВД-Инфо – саяси қылмыстық істерді қадағалайтын және саяси себептермен қудаланғандарға заңгерлік көмек көрсететін ресейлік құқық қорғау тобы агенттіктің таралуы оның жұмысына айтарлықтай әсер етпейтінін, бірақ USAID-тің басқа бенефициар ұйымдары зардап шегетінін айтты.

USAID Ресейде 20 жылдан бері жұмыс істейді. Халықтың денсаулығын сақтау бойынша түрлі науқандар мен демократия, азаматтық қоғамды дамыту бастамаларын қаржыландырып келеді. Бірақ 2012 жылы оның қызметіне СІМ-де негізделгендей "гранттарды бөлу арқылы саяси процестерге ықпал ету әрекеттері" үшін тыйым салынған.

БЕЛАРУСЬ ҮЕҰ-ЛАРЫНА СОҚҚЫ

Беларусь президенті Александр Лукашенко халықаралық деңгейде мойындалмаған сайлауда өзінің президенттік қызмет мерзімін тағы ұзартты. Елде саяси тұтқындарды қолдайтын құқық қорғау ұйымдарын қаржыландыру мөлшері күрт азаятын сыңайлы. AP мәліметтері бойынша, жаппай жұмыстан босату, бағдарламаларды тоқтату немесе жабу 60-80 үкіметтік емес ұйымға әсер етеді. Түрмеде отырған негізін қалаушы Алес Беляцкий 2022 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығын жеңіп алған-тын. Ол "Көктем" атты адам құқықтарын қорғау тобының жетекшісі. Ұйым USAID қаржыландыруын тоқтату оның жұмысын "айтарлықтай нашарлататынын" хабарлады.

ОРБАН ДА МӘЗ

USAID жұмысын тоқтатқанына Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан да риза. Ол жұма күні өзінің үкіметі АҚШ-тан және шетелден басқа көздерден қаражат алатын жергілікті ҮЕҰ мен БАҚ-ты жою үшін заңды шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Орбан USAID өз үкіметін "құлатуға" ұмтылған ұйымдарды қолдады деп мәлімдеді.