Таразда 16 жасар оқушы босанды. Облыстық перинаталдық орталықтың қызметкерлері оқиға туралы полицияға хабар берген, деп жазады Ulysmedia.kz.
Құқық қорғау органдары қолға алған тергеу барысында оқушының өгей әкесі күдікке ілінген. Ер адам оған қатысы барын жоққа шығарғанымен, әртүрлі зертханаларда жүргізілген екі тәуелсіз ДНҚ сынағы баланың әкесі сол екенін растаған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық іс-әрекет жасады деп күдіктелген қыздың 54 жастағы өгей әкесі анықталып, ұсталды, – деп хабарлайды облыстық полиция.
Қазір осы факт бойынша қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмаған адамды зорлау) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынған.