Қазақстанның Ресеймен шектесетін шекарасының бір бөлігі уақытша жабылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
2025 жылғы 12 ақпаннан бастап KAZ-10 "Ақтөбе - Орал - РФ шекарасы (Сырым өткізу пункті)" автожолының 263-265 шақырым аралығындағы учаскесінде көлік айрығының қайта жаңарту жұмыстарына байланысты қозғалысқа шектеу қойылады.
Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар "Подстепное - Федоровка - РФ шекарасы" автожолының 0-36 шақырым аралығында қайта жаңарту жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл жол "Ақтөбе - Орал - РФ шекарасы" автожолымен жанасады. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер "беде жапырағы" әдісімен көлік айрығын соғу және үйінді мен өтпежолды салу бойынша негізгі жұмыстарды бастайды.
Өтпежолдың тірек бөліктерін орнатуға байланысты 12 ақпаннан бастап "Ақтөбе - Орал - РФ шекарасы (Сырым өткізу пункті)" автожолының 263-265 шақырым аралығындағы ұзындығы 1,5 шақырым учаскесі, сондай-ақ Атырау бағытындағы жол қиылысы уақытша жабылады.
АЙНАЛМА ЖОЛ
Қозғалыс негізгі "Ақтөбе - Орал - РФ шекарасы" автожолының сол жағындағы уақытша айналма жол (ұзындығы 2,2 шақырым) арқылы жүзеге асатын болады.