Алматыда екінші күн қатарынан екі белсенді құқық қорғау ұйымы арасындағы жанжал жалғасып жатыр. "Феминита" тобы консервативті "Ата-аналар одағының" қатысушыларымен шекісіп қалған. Даудың неге басылмай тұрғанын Ulysmedia.kz біліп көрді.
Алматыда 14 ақпанда "Феминита" құқық қорғау ұйымының іс-шарасы өткен қонақүйде дау болды. Қазақстанның "Ата-аналар одағының" төрағасы Бағила Балтабаева бастаған ЛГБТ-ға қарсы топ ғимаратқа басып кірді. Олар жиналыста елдің мәдениеті мен негіздеріне жат идеялар насихатталды деп мәлімдеді. Сондықтан іс-шараны тоқтатуды талап етіп, оны қатты музыкамен бұзуға тырысты.
Кейінірек ол жерге полицияның үш көлігі мен автозак келді. Ulysmedia тілшісіне полиция дау-дамайдағы адамдардың бәрі Медеу аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
Қазір олардың арыздары бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Заңды бұзуға жол берілген жағдайда кінәлі тұлғалар, оның ішінде мүлікке келтірілген залал үшін жауапқа тартылады, - деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
Еске сала кетейік, 13 ақпанда "Ата-аналар одағының" басшысы Бағила Балтабаева мен оның жақтастары "Феминита" қауымдастығы ұйымдастырған адам құқықтары мектебіне келіп, шу шығарған еді.
Ulysmedia редакциясы бүкіл әлем бойынша USAID қызметін тоқтатқаннан кейін қазақстандық үкіметтік емес сектордың әл-ауқаты, келешегі не болатынын зерттеп көрген. Қазақстандық феминистік бастаманың белсендісі Жанар Секербаева "ФЕМИНИТА" USAID-пен байланысты деген ақпаратты жоққа шығарады.