Pegasus түрік лоукостері ұшағында украиналықтармен төбелес шығарған екі қазақстандық қызға 120 мың доллар айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы танымал Clash Report түрік паблигі жазды. Украиналықтар мен қазақстандықтар саясатты талқылаймыз деп төбелесіп қалған.
- Анталиядан Астанаға бағыт алған Pegasus Airlines ұшағында Украинадан келген ерлі-зайыптылар мен ресейшіл екі қазақ әйелі саясат үшін төбелескен. Ұшақ Эрзурумға шұғыл қонды, төртеуі де ауруханаға, содан кейін полицияға жеткізілді, деп жазады Clash Report.
Түрік дереккөзінің мәліметінше, Pegasus Airlines төбелес шығарғандарға ірі көлемде айыппұл төлеуді талап етіп қойған. Ұшақты шұғыл қондырып, жанармай құюға 120 мың доллар жұмсалған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 14 ақпанда Pegasus түрік лоукостері ұшағында жолаушылар арасында төбелес шығып, шұғыл қонған болатын.
Түркияның Erzurum әуежайында Pegasus Airlines әуе компаниясының ұшағы шұғыл қонуына Қазақстан мен Украина азаматтарының борттағы төбелесі себеп болған. Бұл туралы Report агенттігі түрік NTV телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
ТӨБЕЛЕС
Ақпаратқа сәйкес, төбелес Анталиядан Астанаға бағыт алған рейсте болған. Ұшақта украиналық ерлі-зайыптылар мен Қазақстан азаматшалары арасында жанжал туындап, оны бортсеріктер тоқтата алмаған.
- Жанжалға байланысты пилот 02:00-де Эрзурум әуежайына қонуға шешім қабылдады, деп хабарлады телеарна.
Жолаушылар полицияға жеткізілді. Ұшақ жерге қонғаннан кейін әуежайға полицейлер келіп, жанжалға қатысы бар төрт жолаушыны полиция бөлімшесіне алып кеткен.
Эрзурумда ұсталған жолаушылар бір-біріне қарсы арыз жазған. Алайда, жанжалдың нақты себебі белгісіз.
ҰШАҚ БІР САҒАТҚА КЕШІКТІ
Тексеру жұмыстары барысында төбелес шығарғандар ұшақтан түсіріліп, басқа жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ұшақ Эрзурум әуежайында бір сағат аялдап, жанармай толтырғаннан кейін Астанаға бағыт алған. Бірнеше сағаттан кейін ұшақ Қазақстан астанасына сәтті қонды.