Астананың Есіл ауданындағы Onyx Comfort тұрғын үй кешенінің үлескерлері қала әкімі Жеңіс Қасымбекке жүгініп, бірнеше жылға созылған құрылысты аяқтауға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЗДЕСУ
Тұрғындар әкіммен кездесуде тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылы басталғанын, алайда нысанның пайдалануға берілу мерзімі бірнеше рет шегерілгенін айтты. Әуел баста кешен 2022 жылы тапсырылуы тиіс болған екен.
- Үлескерлердің басым бөлігі пәтерлерінің ақшасын толық төлеп қойған. Бірақ құрылыс болып жатқан жерге кірулеріне рұқсат жоқ, үйімізді тек қоршаудың ар жағынан ғана көре аламыз. Кейбір тұрғындар пәтеріне бір-ақ рет кірген, сонда ескі, сапасыз терезелердің қойылғанын көрді, деді үлескерлердің бірі Хансұлу Кенжебаева.
КОМПАНИЯ ӨКІЛІ ЖАҒДАЙДЫ УШЫҚТЫРДЫ
Кездесуге құрылыс компаниясының өкілі Ерболат Әубәкіров те қатысып, нысан 2025 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп сендірді. Алайда оның бұл сөзі тұрғындардың ашуына тие түсті. Оның үстіне, Әубәкіров тұрғындардан ешқандай шағым түспегенін айтып, жағдайды одан ары ушықтырып жіберді.
ӘКІМ НЕ ДЕДІ
Бұл жауап Астана әкіміне де ұнамады. Жеңіс Қасымбек құрылыс компаниясының өкіліне қатаң ескерту жасап, алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатынын мәлімдеді.
- Мен сіздерге ескерту жасаймын. Мұндай өзіне сенімді жүрген жігіттер көп болды, бәрінің немен аяқталғаны белгілі — қазір олар не сотта жауап беріп жатыр, не түрмеде отыр. Егер адамдарды осылай алдауды қоймасаңыздар, бұл нысанды сіздерден тартып алады. Барлығы сонымен аяқталады. Бүкіл құқық қорғау органдарының басшылығы осында отыр, мен бұл істі жеке бақылауыма аламын. Прокуратура мен полициядан істі соңына жеткізуді сұраймын. Бұл адамдарды алдағаны үшін жауап бересіздер, деп қадап айтты әкім.
Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек үлескерлерге құрылыс компаниясын сотқа беруді ұсынды. Ал нысанды мемлекет есебінен аяқтау жоспарда жоқ екенін ашық айтты.