×
499.76
521.7
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.76
521.7
5.63

Украина агрессордан қорғанып жатыр, Қазақстанның оған бірдеңе деуге қақы жоқ – Бапи

19.02.2025, 17:48
Украина агрессордан қорғанып жатыр, Қазақстанның оған бірдеңе деуге қақы жоқ – Бапи
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Каспий құбыры концорциумының Қазақстан мұнайы өтетін станциясына жасалған дрондар шабуылы жөнінде пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Қазақстанның Украинаға бірдеңе деуге қақы жоқ деп ойлаймын. Украина өзінің халқын, елін, мемлекеттігін қорғап, агрессорға қарсы соғысып жатқан ел. Біз оған не деп айтамыз? Біздің құбырды жарып кеттің деп айтамыз ба? Ол Ресейдің жерінде тұр. Ол Қазақстанның жерінде тұрса, біз әңгіме айта алар едік. Ол Ресейдің меншігі. Біз сол Ресейдің құбыры арқылы Батысқа мұнай шығарып жатырымыз. Ол да айналып келгенде “Ресейден басқа сендерге бағыт қалмады ма?” деп бізге тиетін сөз, – дейді Ермұрат Бапи мәжіліс кулуарында.

ЭР-РИЯДТАҒЫ КЕЗДЕСУ

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында күні кеше Ресей мен АҚШ жоғары лауазымды тұлғалары арасында тарихи ресми келіссөздер өтті. Бұл — Украинадағы соғыс басталғалы бері екі ел арасында болған алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу. Келіссөздердің басты нәтижесі — дипломатиялық миссиялардың толыққанды жұмысын қайта жандандыру туралы уағдаластық болды.

Ресей делегациясын сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президенттің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков бастап барды. Ал АҚШ тарапынан келіссөздерге мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ

Украина президенті Владимир Зеленский бүгін АҚШ президенті Дональд Трамптың өз еліне қатысты бірқатар ұсынысына жауап берген. Ол АҚШ қолдамаса, Украина Ресейді жеңе алмайтынын мойындайды. Бірақ “олар (Ресей) бізді оккупациялай алмайтыны анық” дейді.

ШАБУЫЛ 

17 ақпанда Қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға дронмен шабуыл жасалған болатын. Ақпаратты энергетика министрлігі таратты. Олардың айтуынша, шабуыл жасалағанын КҚК-да растады. 

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" ЖЗҚ мұнай тасымалдау объектісі БПЛА шабуылына ұшыраған. Жарылғыш заттардан басқа метал зақымдайтын элементтермен толтырылған жеті ұшқышсыз ұшақ террористік шабуыл жасаған. Шабуыл объектінің жұмысын бұзып қана қоймай, станцияның жедел қызметкерлерін өлтіру мақсатында уақыт аралығымен жасалды.

Күні кеше Украина қазақ мұнайы тасымалданатын Ресейдегі станцияға шабуыл жасағанын растады