×
499.76
521.7
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.76
521.7
5.63

Семейде босануға барған әйел сәбиімен көз жұмған: марқұмның қызы әділ тергеуді талап етті

Семейде босануға барған әйел сәбиімен көз жұмған: марқұмның қызы әділ тергеуді талап етті
ulysmedia.kz коллажы

Абай облысында перзентханаға босануға барған әйел баласымен бірге қайтыс болған. Марқұм болған әйелдің қызы бұған дәрігерлерді кінәлап, әділдікті талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

КТК телеарнасының мәліметінше, қайғылы жағдай 30 қаңтарда Үржар ауданында болған. Айы-күні жақындап перзентханаға барған 34 жастағы әйел Гүлнар Бейщанова құрсағындағы шақалағымен қайтыс болған. Қара жамылған отбасы төртінші баласын босануға кеткен әйел ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан олар дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылап отыр. Себебі дәрігерлер оған дәрі егіп, бір тәулік күтеміз деп жатқызып қойған екен. 

БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ 

Бұл жайтқа қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары пікір білдірген. Олар ана мен бала өлімінен кейін қызметінен шеттетілген дәрігерлердің жұмысқа оралуына қатысты жауап бере алмады. Мамандар босануға келген әйелге тиісті ем-шара бекітілген нұсқаулық бойынша жасалғанын ғана айтты.

"Босанған кезде пайда болған асқыну осындай жағдайға әкелді. Қазір сот-медициналық сараптаманың түпкі қорытындысы жоқ болғаннан кейін қылмыстық іс аясында диагнозын түсіндіре алмаймыз", - деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Әсем Орынбаева.

“ӘДІЛДІК ТАЛАП ЕТЕМІН”

Марқұм болған әйелдің қызы Аружан Саятбекова TikTok-та видео жариялап, бұл істе әділдік талап етті. 

- Босану күні жақындап қалған анамды 26 қаңтарда Үржардағы аудандық ауруханаға алып кетті. Бірінші күні укол салдырып, кейін палатаға кеткен. Бірақ біз нақты қандай укол салынғанын білмейміз. 27 қаңтарда таңертеңнен 13:00-ге дейін анамызбен байланыста болдық. Одан кейін байланыса алмадық. Әкем Ұлан Балапанов сағат 12:00-де ауруханаға келген кезде, оны кіргізбей қойған. Артынша 18:00-де келген кезінде де кіргізбей қойды. Әкемнің айтуынша, ол уақытта дәрігерлер асығып-үсігіп, қарбаласып жүрген, бірақ әкеме ештеңе айтпай, үйге қайтуын сұраған. Сағат 21:00-де дәрігерлер анамыз қайтыс болғанын хабарлады, дейді Аружан. 

Оның сөзінше, дәрігерлер анасының да, әкесінің де рұқсатын алмай, кесарь тілігін жасап жіберген. 

- Бұл қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болды. Дәрігерлер біліксіз деп кесіп айта алмаймын, бірақ солардың кесірінен анам мен бауырымнан айырылып қалдым. Анам небәрі 34-те еді, артынан шырылдап үш баласы қалды. Біз тек әділдікті талап етеміз! Бұған дейін үш әйел қайтыс болған екен. Анамды о дүниеден қайтара алмаймын, бірақ кінәлілер лайық жазасын алса деймін, дейді марқұмның қызы.