АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамптың Путинмен кездесуінің шартын атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесу мүмкіндігі "көбінесе Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздерді ілгерілетуге байланысты" болмақ.
Рубио Трамптың Путинмен кездесуін Ресей сыртқы істер министрі Лавровпен келіссөз кезінде талқылаған, деп жазады DW.
Әдетте мұндай кездесулер қандай да бір нәтиже белгілі болғанға дейін немесе қандай да бір прогреске қол жеткізгенге дейін өткізілмейді, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, егер АҚШ пен Ресей Украинадағы соғыстың аяқталуы туралы келіссөздерде ілгерілей алса және Трамптың Путинмен кездесуі мәмілені бекітсе, онда "барлығы президент Трампты бітімгер ретінде құрметтеуге мәжбүр болады" деді Рубио.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ПЕН ТРАМП ФАКТОРЫ
Ресейге Украинаны бағындыру үшін үш жыл жеткіліксіз болды. Әлем АҚШ-тың жаңа президенті өз уәдесін орындап, соғысты тоқтатады деп күтті. Алайда ол үміт ақталмағаны былай тұрсын, жағдай қазіргіден де ушығып кеткен сыңайлы: Трамп АҚШ-Еуропа қарым-қатынасын шиеленістірді, Зеленскийді заңсыз президент деп жариялады және Путинмен үзілген байланысты жандандыруға қадам жасады. Ulysmedia.kz сайтының сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Бисенбаев осы соғыстың қалай басталып, қалай жалғасып жатқаны және немен аяқталуы мүмкін екенін талдап көрген еді.