×
502.47
525.83
5.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.47
525.83
5.68

Ресей шабуылынан 12 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан

Бүгін, 00:05
Ресей шабуылынан 12 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан
Ашық дереккөзден

2022 жылдың ақпан айында Ресей Украинаға толыққанды әскери шабуыл жасағаннан бері 12 654-тен астам бейбіт тұрғын, соның ішінде балалар қаза тапты. Тағы 29 392 бейбіт тұрғын жарақат алды. Бұл деректерді 21 ақпанда БҰҰ-ның 2014 жылы құрылған Украинадағы адам құқықтарын бақылау жөніндегі миссиясының басшысы Даниэль Белл жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW агенттігіне сілтеме жасап. 

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ

Даниэль Беллдің айтуынша, Ресей Украинаға қарсы соғыста адам құқықтарын өрескел бұзумен байланысты ауыр қылмыстарға жауапты. Оның статистикасы бойынша, қаза тапқан бейбіт тұрғындардың 84%-ы Украина үкіметінің бақылауындағы аумақтарда өмір сүрген, ал 16%-ы Ресей басып алған аумақтарда болған. Сонымен қатар, Белл Ресей басқыншылығы басталғаннан бері бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандардың нақты саны ресми мәліметтерден жоғары екенін атап өтті.

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК СТАТИСТИКА

2024 жылы бейбіт тұрғындар арасындағы қаза болғандар саны 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. БҰҰ-ның Украинадағы адам құқықтарын бақылау миссиясының баяндамасына сәйкес, мұндай өсім қарулы қақтығыстардың күшеюімен және Ресейдің авиациялық бомбалар, қысқа қашықтықтағы дрондар мен алыс қашықтықтағы зымырандарды белсенді қолдануымен байланысты.

МИНАЛАНҒАН АУМАҚТАРДЫҢ ҚАУПІ

БҰҰ деректеріне сәйкес, Украина аумағында 139 000 шаршы шақырым жер миналармен және жарылмаған әскери снарядтармен ластанған. Даниэль Беллдің айтуынша, бұл бейбіт тұрғындарға үлкен қауіп төндіреді.

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕККЕ МҰҚТАЖДЫҚ

БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Украина халқының 36%-ы немесе 12,7 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж болады. Бұл жағдайды қыс мезгілінің суық ауа райы одан әрі қиындатады. Сонымен қатар, Ресейдің Украина энергетикалық инфрақұрылымына жасаған шабуылдары тұрғын үйлер мен ауруханалардың жылусыз қалу қаупін арттырып отыр.

МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРҒА ШАБУЫЛ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректеріне сүйенсек, 2022 жылы соғыс басталғаннан бері Украинада медициналық мекемелерге 2200-ден астам шабуыл жасалған.

Мысалы, 19 ақпанға қараған түні Ресейдің дронмен жасаған шабуылы нәтижесінде Одессадағы балалар емханасы зардап шекті. Жергілікті әскери әкімшіліктің басшысы Олег Кипердің айтуынша, бұл шабуылдан кейін Одесса аймағында электр қуатын шұғыл түрде өшіру енгізіліп, Киев ауданындағы кейбір тұтынушыларға жылу беру тоқтатылды.